ЖАҚСЫЛЫҚПЕН КЕЛ, ЖАҢА

0
35

Есігімізден еніп, төрімізге шығып отырған жаңа жыл мерекесінің әрбір адамзат баласы үшін орны бөлек. Себебі ертеңгі күннен тек жақсылық пен жетістікті күтетін адам баласы үшін жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын сәт. Сондықтан алдағы жылға жоспарлары мен армандарын тоғыстырып, жаңа ықыласпен, игі тілектерімен жаңа жылға қадам басады.

Осындай мақсатпен бүгін аудан орталығындағы орталық алаңда жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға «Жайдарман» ойындарының жұлдызы Бақдәулет Сейтжаппаров пен белгілі әнші Ержан Қайратұлы және “Інжу” тобы арнайы келіп отырарлықтардың қуанышын еселеді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа толағай табыстар тіледі.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Тәуелсіз Қазақ елі тағы бір жылды артқа тастап, еліміз амандықта еңсеріп, күнтізбемізде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Халқымыздың жыл санауы бойынша – Ұлу жылынан күтер үмітіміз көп. Ал, өткен жыл еншісінде және тарих беттеріне экономикалық әлеуеті айқындалған Әділетті Қазақстанның жетістіктер жылы ретінде алтын әріппен нақышталды. Еліміздің жеткен жетістіктері мен толағай табыстары тек береке мен бірліктің арқасында екені баршамызға аян. Алдағы жылдан да күтеріміз көп. Ендеше баршаңызды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»,-деген ізгі тілегін айтты.
Салтантты кеште сөз алған аудандық мәслихат төрағасы өтіп бара жатқан 2023 жылғы игі бастамалар мен жемісті жұмыстар 2024 жылы да жалғасын тауып, алдағы уақытта да әлі талай игілікті істер атқарылатынына сенімі мол екенін жеткізді.
Жиын барысында сахнаға шығып өз өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндерге Аяз ата мен Ақшақардан сыйлықтар табысталып, ертегі әлеміндегі әсем көріністер, көзтартарлықтай безендірілген жасыл шырша, ғажайыпқа толы қойылым және музыкалық композияциямен өрілген шара балалардың көңілін көтеріп, дүбірлі думанға ұласты.
Сахнада аудан өнерпаздары мерекелік әндерді шырқап, жиналаған көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Аудан орталығындағы мерекелік жиыннан соң аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов тоғыз жолдың торабы Темір ауылында өткен жаңа жылдық іс-шараға қатысты. Мерекелік кеште ауыл тұрғындарын жаңа жылмен құттықтап, өз сөзінде тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2023 жылдағы шешімін тапқан көптеген мәселелерге тоқталды.
Жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан «Онжылдықтар тоғысында» акциясы темірлік жастардан қолдау тауып, мерекелік шарада ауылдың 10, 20 жылдық мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен жаңа жылдық отшашуды аудан әкімі көпшілікпен бірге тамашалады.

Otyrarinfo.kz


ПІКІР ЖАЗУ