ОТЫРАРЛЫҚ ВЕРА ПУСТОВАЛОВА ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫНА КІНДІК ШЕШЕ БОЛҒАН

0
71

Түркістан облысында тұратын этнос өкілдері арасында өзін қазақ халқымен бір туған бауыр сезінетін жандар бар. Соның бірі – Отырар ауданында тұратын поляк қызы Вера апамыз.

Вера анамызды Сырдарияның арғы жағасындағы ауылдастары ерекше құрметтейді. Неге десеңіз ол өзі тұратын шалғайдағы қазақ ауылына шарапаты тиген дәрігер. Турасын айтқанда поляк қызы Вера Пустовалова акушер-дәрігер ретінде Көксарай ауылында дүниеге келген талай қазақ баласына 1970 жылдан бері кіндік шеше атанып жүр. Ол, кеңес өкіметі кезінен ел алғысын арқалап жүрген абзал жан. “Көксарай” ауылында соңғы елу жылда туылған балаларға “кіндік шешең кім?”-деп сұрасаң, бірауыздан Вера апамыз деп ақжүрекпен айтады.

Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылында тұратын ол, ұзақ жылдар бойы “Қаракөл”, “Шеңгелді” сияқты талай “совхоз-колхозда” акушер-дәрігер болып жұмыс істеді. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан талай ананы босандырып, бақытқа бөлеген. Дүниеге шыр етіп келген нәрестенің кіндігін кескен адамды әу-бастан “кіндік шешей” деп құрметтейтін ауылдастары Вераны көшеде көре қалса қос қолдап амандасып, құшағына алады, үйіне шақырып құрметтеп төрге шығарады. Поляк қызы Вераға ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Сырдың жағасында тұратын олар осындағы қазақтармен біте қайнасып, құда-құдандалы болып кеткен. Вера қазақы дәстүрді берік сақтанған берекелі отбасының отанасы десек жарасады. Ол, болгар жігіті Геннадий Стоматовпен тұрмыс құрған. Күйеуі Геннадий музыкалық аспапта қазақша ән салып, Шәмші әнін шырқағанда айналасын шаттыққа бөлейді. Қазақша мақал-мәтелдің майын тамыза айтар азулы асаба ретінде дараланған дарын иесі.

Бүгінде Вераны Көксарай жұртшылығы кіндік анамыз деп көкке көтерсе, күйеуі Геннадий Стоматов ауылдың айтқыш асабасы десек жарасады. Қазақтың тойын басқаруда сүбелі сөздерімен, өнерімен дүйім жұртты өзіне қаратады. Қазір, Вера мен Геннадий екеуіде бейнеттің зейнетін көріп отырған құтты шаңырақ иесі, жаны ізгі жақсы жандар. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін құрметтеп, өзінің ғана емес, ауылдағы әр қазақтың отбасылық қуаныштарын қазақы әдет-ғұрыппен өткізуге өнерімен атсалысып жүрген өнерлі де, өрелі жан. Вера апамыздың үзеңгілес достарының бәрі ауыл қазақтары. Ол, қазақ халқының қонақжайлығын құрметтейді.

Әсіресе, бір-біріне деген бауырмалдық, қол ұшын созып көмектесетін “Асар” деген қайырымы мол сауапты істің сақталуын ерекше бағалаймын. Біздерді бауырындай көрген көрші-туысқа, дос-жаранға, қазақ халқына алғысымыз шексіз – дейді Вера Пустовалова. Иә, ұлты бөлек болса да, Вера апамыз секілді бітім болмысы, қаны мен жаны қазаққа айналған қайырымды жандарды көргенде көңіл қуанады. Сондықтан да, “Жол-жөнекей” жақсы адамдарды жолықтырсақ, жақсылығын жазып тұрайық ағайын!

Қазақ қай кезде де салт-дәстүрді берік ұстанған, ырымшыл халық емес пе?.. Оның кіндігін кескен біраз адам өсіп-өніп, ата-әже атанған. Олар өздерінің ғана емес, бала-шағасының, тіпті кейбірі Верадай көпшіл, мейірімді болсын деген ізгі ниетпен немерелерінің де кіндігін кестірген жәйт жетерлік. Көксарай ауылына көрік берген Стоматовтар шаңырағы ынтымағы ұйысқан ауылға береке дарытып отыр. Елдің берекесі-бірлікте деген осы шығар.

Ерсұлтан ӘМІРБЕК,
Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы

Otyrarinfo.kz


ПІКІР ЖАЗУ