«ОТЫРАР АЛҚАБЫ» ГАЗЕТІМЕН СЕРІКТЕС «OTYRARINFO.KZ» САЙТЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

0
187

Қадірлі оқырман!

Еліміздің ақпарат кеңістігі тағы бір сайтпен толықты. Жаңа 2024 жылдан бастап «Отырар алқабы» газетімен серіктес «Otyarinfo.kz» cайты шыға бастады. Жаңа сайт ұлттық һәм ақпараттық бағытты ұстануды көздеп отыр және тұрақты авторлары болады деген сенімдеміз.

Жаңа сайттың Редакция алқасының құрамында «Отырар алқабы»  газетінің шығармашылық ұжымы, танымал тұлғалар, белгілі қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар мен ақын-жазушы, журналистер бар.

Сайттың өзекті мәселелерге арналған «Ақпарат айдыны», «Мультимедиа», «Otyrarinfo.kz» жаңалықтары және Қазақстан халқының патриоттық рухын көтеруге, жер-су атаулары мен тарихи тұлғалар, қоғам қайраткерлері,  танымал азаматтардың сіңірген еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында, Отансүйгіш жас буынның патриоттық сезімін арттыруға арналған «Туған жерге тағзым», «Отырар-Ұлылар Отаны», «Отырар оғланы» т.б тұрақты айдарларлары бар. Сайт осы айдарлар бойынша «Отырар алқабы» газеті редакциясымен серіктестікте жұмыс істемек. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті әкімдік пен Мәслихат депутаттарының, Қоғамдық кеңес мүшелерінің атқарған жұмыстары жайлы  сараптамадан қысқа ақпаратқа дейін түрлі мазмұндағы материалдар орналастырылатын болады. Одан бөлек  Қазақстан халқының тағдырына бей-жай қарамайтын мемлекеттік қайраткерлердің, ҚР Парламент Сенаты мен  Мәжіліс депутаттарының, ақын-жазушылардың, журналистер мен қатардағы оқырмандардың да мақалаларына орын беріледі.

Алға қойып отырған мақсат пен міндеттер жеткілікті: Күнделікті ақпарат арқылы Қазақстан Республикасының жүйелі мемлекеттік саясатына себін тигізу; «Жаңа қазақстандық отаншылдықты» жете түсіну; Ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру; «Тарих ақтаңдақтарын» ашу; Ұлттық құндылықты сақтау және қайтару; Ұмытылған есімдерді жаңғырту; Оқырманның дүниетанымын қалыптастыру; Қазақстанның негізгі жетістіктерін көпшілікке жеткізу мен насихаттау; Жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттырып, салт-дәстүрімізді жаңғырту.

Демек, «Otyrarinfo.kz» сайты жаңа қазақстандық патриотизмді дамыта түсіп, Қазақстандағы этносаралық қатынасты нығайту, ортақ шаңырақ Қазақстан елін мекендеген этнос өкілдерінің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, мемлекеттік тілге деген құрметін нығайтуды басты мақсат етеді.

Ақпарат кеңістігіне еніп, тарихқа қадам басқан «Otyrarinfo.kz» сайты Президент Жолдауынан туындаған салиқалы пікір-пайымдарды да ұдайы жариялап, жұртшылықты елдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырмақ. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге күш салып, республика көлеміндегі түйткілді мәселелерді мақала өзегіне арқау етіп  отырады. Қысқасы, жаңа сайттың алға қойған мақсаты биік.

Негізі, жазам деген адамға тақырып көп. Ал, бізге, журналистерге таңдау жоқ, тек жұмыс істеу керек. Таңдау оқырманның еншісінде. Біздің міндетіміз – сол оқырманға жақындату, сөйтіп жұмысымызды оралымды ету және өз оқырмандарымыздың дүниеге көзқарасын қалыптастыру, қоғамды ақылды, өз Отанын сүйетін, оның тарихы мен мәдениетін білетін азаматтармен толықтыру.

Ендеше, электронды бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы жалғаса берсін һәм «Otyrarinfo.kz» сайтының тарихқа басқан қадамы құтты болсын!

 

Ерсұлтан ӘМІРБЕК

«Otyrarinfo.kz» сайтының Бас редакторы

 


ПІКІР ЖАЗУ