АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, ҚОҒАМДАСТЫҚ МҮШЕЛЕРІ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ – 02

0
80
Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы аудан орталығынан шалғай орналасқан Балтакөл, Маяқұм ауыл округтерінде болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Төраға алдымен қоғамдастық мүшелерімен кездесіп, аудандық мәслихаттың 2023 жылы атқарған жұмыстары мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп берді. Жиынға “Amanat” партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, аудандық мәслихат депутаты Б.Акымбеков, ауыл әкімдері, қоғамдастық мүшелері қатысты.
Төрағаның айтуынша 2023 жылы аудандық мәслихаттың жалпы саны 11 сессиясы өтіп, 55 мәселе қаралған. Оның ішінде аудандық бюджетке 3 рет және ауылдық округтердің бюджеттеріне 2 рет өзгерістер енгізілсе, ауданның 2022 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есептері қаралған. Бұдан өзге де түрлі салалар бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұдан бөлек мәслихат төрағасы әр аптаның сәрсенбі күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, күні бүгінге дейін тіркелген 18 арыз-шағымның ішінде 3 өтініш тиісті салалары бойынша жауапты мекемелерге жолданған. Қалған ауыз су, көше, жарықтандыру, газ және басқа да жеке мәселелерге қатысты 15 өтініш қанағаттандырылған.
Жиын барысында алда атқарылатын жұмыстарды кеңесіп, бірлесіп шешу керектігін айтқан мәслихат төрағасы қоғамдастық мүшелерін ашық әңгімеге шақырды. Алдымен Балтакөл ауылында өткен жиында ауылдың төбе биі Ә.Әбсемет, қоғамдастық мүшелері Ә.Ернешов, Н.Азаматов, Д.Тәтібаев, Ғ.Жұманбалаевтар сөз алып, Балтакөл ауылындағы Ә.Молдағұлова, Қ.Әуесханов көшелері мен Самырат елді мекеніндегі ішкі көшелерге тас төселсе, ауыз су жүйелері жаңартылса, Ақкөл елді мекеніне ауыз су берілсе, ауыл округінде көгалдандыру жұмыстарына қолдау көрсетілсе деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелерді саралай келе өз бақылауына алатынын жеткізген төраға қаржылық қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті. Елді, ауылды көркейту үшін әрбір азамат өз жұмысына жанашырлықпен қарап, белсенді жұмыс істеу керек екенін айтты.
Жиыннан соң Балтакөл ауылдық ауруханасының жай-күйімен танысып, ем алушылармен пікірлесті. Балтакөл ауылы халқының денсаулығын нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқан ауруханада 3 білікті дәрігер, 15 медбике тұрақты қызмет етеді. Ауруханада 9 адам жатып ем қабылдаса, күндізгі бөлімде 10 адам қажетті ем-домын ала алады. Кездесу барысында аурухана дәрігері Гүлнұр Тукушева мекемеге лабораториялық құрал жабдықтардың жетіспейтінін айтып, қан құрамын анықтайтын және тасымалдайтын аппараттарды алуға қолдау көрсетуін сұрады. Сондай-ақ аурухананың жылу қазандығын жаңарту туралы өтінішін жеткізді. Мәслихат төрағасы айтылған ұсыныстарды бағамдай келе халықтың ем алуына барынша жағдай жасалу керектігін айтып, ұсыныс-пікірлер тиісті орындарға жолданатынын атап өтті.
Сондай-ақ Маяқұм ауылының қоғамдастық мүшелерімен өткен кездесуде зейнеткер Б.Батырқұлов, К.Әліпбеков, А.Ырзаханов, К.Мырзабекова, Ұ.Сыздықова, Б.Байымбетовтер Маяқұм ауылының ауыз су жүйелерін ауыстыру, Маяқұм каналының бас тоспасы мен Бозарық-2 каналының 4 шақырымын жөндеу, ауылдық арухана мен мектепке баратын жолдарды асфальттау, мектептің жылу жүйесін жаңарту, балабақша жайына қосымша жай салу секілді бірқатар өзекті мәселелерді төрағаның назарына жеткізді.
Жиында көтерілген мәселелердің басым көпшілігі бақылауда екенін айтқан төраға кейбір мәселелер бойынша тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Сөз соңында ауылдың дамуы үшін ауыл әкімдері мен жергілікті сайлау учаскелерінен сайланған депутаттар, партияның жетекшілері ауылдың белсенді азаматтарымен бірлесе жұмыс істеу керектігін айтып, елдің аманатын арқалаған әрбір азамат артында халықтың тілеуі тұрғанын сезініп, өз жұмысын ел игілігіне бағыттауы керектігін үндеді.
Жиын соңында ауыл қариясы Айтуар Күмісбеков ауылдарды аралап, халықтың, ауылдың жағдайын көзбен көріп, танысып жүрген ел азаматтарына шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.

ПІКІР ЖАЗУ