АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

0
156
Бүгін түс ауа аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлының қоғамдастық мүшелері алдындағы есепті кездесуі Көксарай, Аққұм ауыл округтерінде жалғасын тапты.
Төраға алдымен Көксарай ауылында болып қоғамдастық мүшелерімен, мекеме басшыларымен кездесті. Жиынға “Amanat” партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, аудандық мәслихат депутаты А.Молдалы, ауыл әкімдері, қоғамдастық мүшелері қатысты.
Кездесуде аудандық мәслихаттың 2023 жылы атқарған жұмыстары мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы баяндап, алда тұрған міндеттер пысықталды.
Көксарай ауылында іске асып жатқан ілкімді істер көп, атқарылар жұмыстар да аз емес. Осы жұмыстарды ауыл азаматтарымен бірге талқылап, мәселелердің маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен шешу үшін бірлесе еңбектену керектігін айтқан аудандық мәслихат төрағасы «кеңесіп пішкен тон келте болмайтынын» атап өтіп, еркін форматта, ашық әңгімеге шақырды.
Жиын барысында ауылдық қоғамдастық төрағасы Х.Аймурзаев, қоғамдастық мүшелері А.Рысқұлова, Р.Сейдалиева, Б.Рузиев, А.Сыздықәлі, Қ.Сеңгірбековтер ауылдық округтік сайлау комиссиясының құрамын сайлау, «Айгөлек» балабақшасындағы электр жарығының жеткіліксіздігі, Ызакөл елді мекеніндегі ауыз су жинайтын қойма орналасқан жердің қоршауын жаңартып, басына жергілікті жерден қарауыл қою, Көксарай ауылының орталығынан шалғай орналасқан Жаңа ауыл атанып кеткен бөлігіне елді мекен статусын алу, амбулатория салу, ауыз су төлемдеріне жауапты мекеме қызметкерлерінің жұмысын қадағалау секілді бірқатар мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аталған мәселелердің бірқатары сол жерде шешімін тауып жатса, бірқатар мәселелер бақылауға алынып, маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Аққұм ауылының қоғамдастық мүшелерімен кездесіп, өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Д.Ашықбай, қоғамдастық мүшелері Б.Қаржау, Т.Жақыпбекова, Е.Омаров, Қ.Кемелбек, Н.Омаровтар ауылдық емхана жайын салу, ішкі көшелерді жөндеу, көшелерді жарықтандыру балабақшадағы жалақы мәселелері, шаруалардың малына шауып жатқан жабайы аңдарды жою секілді бірқатар мәселелер бойынша өтініштерін айтты. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі ағымдағы жылы бюджетке ұсынылғанын айтқан төраға тиісті жұмыстардың сапалы атқарылуын өз бақылауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар өзге де мәселелер бойынша “Amanat” партиясы Отырар аудандық филиалының қарауына ұсынылып, жауапты мекемелер тарапынан тиісті жауаптар берілетінін атап өтті.
Екі ауыл округінде де айтылған ұсыныс-пікірлерді хаттамаға енгізіп, бақылауға алатынын айтқан төраға кейбір мәселелер бойынша тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.
Жиын соңында ауыл қариясы Дүйсен Ашықбай мәслихат төрағасының қоғамдастық мүшелері алдындағы есепті баяндамасына оң бағасын беріп, алдағы жылы да ауқымды жұмыстар атқарылатынына сенім білдіріп, ақ батасын берді.

ПІКІР ЖАЗУ